21.02.2026
2026 жылғы 19 ақпанда информатика және робототехника пәндерінің мұғалімдері үшін «Баршаға ортақ бір әлем» қалалық STREAM-ХАКАТОН өтті.
Хакатонның мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, соның ішінде есту, көру, сөйлеу, тірек-қозғалыс жүйесінің бұзылыстары және аутизм спектріндегі ерекшеліктері бар балаларға арналған білім беру құралдары, бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеу. Оқуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және инклюзия, универсалды оқу дизайны және ассистивтік технологиялар (assistive technologies) қағидалары негізінде «барлығына ортақ бір әлем» қалыптастыру.
Қатысушылар инновациялық білім беру шешімдерінің, аутизммен ауыратын оқушыларға арналған интерактивті платформалардың және ЕБҚБ бар балалардың оқу процесін жеңілдетуге бағытталған басқа да құралдардың прототиптерін ұсынды.
Эксперттік комиссияға мектеп өкілдері, инклюзия саласының мамандары және IT-сарапшылар кіріп, жобаларды инновациялылығы, қолдану мүмкіндігі, орындау сапасы және масштабталу әлеуеті бойынша бағалады. Жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды.


